Қазақстан • 21 Мамыр, 2018

Әлемдік экономиканың өзекті мәселелері елорда төрінде талқыланды

2656 рет
көрсетілді
32 мин
оқу үшін

Астана экономикалық форумының екінші күні де ауқымды пленарлық отырыстан басталды. Онда негізінен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы пленарлық отырыста айрықша тоқталған 5 мегатренді әлемдік сарапшы­лардың талқысына түсті. Өткізілген панелдік отырыстар мен дөңгелек үстелдер барысында шетелдік мамандар Елбасының ұсыныстарына байланысты ойларын ортаға салды.

Әлемдік экономиканың өзекті мәселелері елорда төрінде талқыланды

Қазақстан Президенті атаған 5 сын-қатердің алдын алу жалпы адамзат үшін қаншалықты маңызды екендігі ег­жей-тегжейлі баяндалып, жалпы форум тақырыбына жаһан жұртының назарын аударды. Үш күнге ұласқан Global Challenges Summit-2018 өткен сенбіде өз жұмысын қорытындылады.

Астана экономикалық форумының екінші күнгі бағдарламасы бойынша 35-ке жуық іс-шара ұйымдастырылды. Мұнда адамзат алдында тұрған бес негізгі қауіп-қатерді шешу жол­дары талқыланды. Мемлекет басшысы пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде Астана экономикалық форумына қатысу көпшілік үшін игі дәстүрге айналғанын, он бірінші рет өт­кізі­ліп отырған форум экономиканың, инвести­цияның және инновацияның мейлінше өзекті мәселелерін талқылауға арналғанын айтқан еді. Әлбетте, биылғы форум жаһандық сын-тегеу­рін­дерге лайықты жауап табу мәселелерін де қарастырды.

Әйелдер көшбасшылығының әлемге әсері

Форумның екінші күні ұйымдастырылған маңызды шаралардың бірі – «Артықшылық орнына құқық. Әйелдер көшбасшылығы қазіргі әлемге қалай әсер етуі мүмкін?» атты дөңгелек үстел. Оған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова қатысты.

Іс-шараны Қазақстан Республикасының Прези­денті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия­ның қолдауымен «EXPO & Women» халықаралық ұйымы «БҰҰ-Әйелдер» құрылымымен бірлесіп ұйым­дастырды. Оның жұмысына мемлекеттік орган­дардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері, шетелдік және ұлттық сарапшылар қатысты.

Отырысты ашқан Гүлшара Әбді­қалықова әлемнің дамыған мемлекеттері инклюзивті экономиканы әйелдер капиталын дамыту арқылы қалыптастыру қажеттігін түсінгенін айтты. «Қазақ­станның мемлекеттік саясатының басты басымдығының бірі – әйелдер құқығын қамтамасыз ету және ілгерілету, сонымен қатар олардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері болып саналады», деді Мемлекеттік хатшы. Сондай-ақ Г.Әбдіқалықова ел Президенті Н.Назарбаевтың «Әйелдер өкілдігін шешім қабылдау деңгейіне дейін кеңейтуге қол жеткізу қажет» деген сөзін атап өтті.

Бүгінде Қазақстанның қаржы саласында басшылық қызметтегі әйелдер саны 30%-дан асты. Әйелдер 500-ден астам шағын және орта бизнес компания­ларын басқаруда, яғни олардың жалпы саны­ның 43%-ын құрап отыр. Ол сектор­да құрылған барлық жұмыс орнының үштен бірі әйелдерге тиесілі.

Мемлекеттік хатшы әйелдердің әлеуеті мен рөлін арттыру бүкіл әлемнің іл­гері­леуімен тікелей байланысты екенін атап өтті. Оған қол жеткізу үшін БҰҰ ұсын­ған төрт «к» бағытына негізделген жаңа машықтарды меңгеру қажет. Олар: сыни ойлау, коллаборативтілік, креа­тивтілік және коммуникативтілік. Әлем сарапшыларының болжамы бойынша, 2020 жылға қарай бүгінгі еңбек қызметін айқындайтын білім мен дағдылардың үштен бірінен астамы өзгеретін болады.

Жиын қорытындысы бойынша ген­дер­лік мейнстримингті ілгерілету үшін саясаттағы, экономикадағы және қоғам­дағы әйелдер көшбасшылығын дамы­туға бағытталған ұсынымдар әзірленді.

Азаматтық қоғамның маңыздылығы артады

АЭФ аясында «Азаматтық қоғам­ның болашағы. Жаңа азаматтық бел­сен­ділік» тақырыбында өткен сессияда аза­маттық қоғам институттарының рөлі тал­қыланды. Оған Дін істері және азамат­тық қоғам министрі Дархан Кәле­таев қатысып, сөз сөйледі. Ол Қазақ­стандағы азаматтық қоғамның дамуы жөнінде бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды. «Қазақстан әлемдік трендтермен бір бағытта даму үстінде. Мемлекет басшысы ғаламдық дамудың басты бес мегатрендін атап өтті. Олардың қата­рында адам қызметінің барлық салаларын цифрландыру, энергетикалық революция, жер шарындағы тұрғындар санының жылдам өсуі, урбанизация қарқыны мен сипатының және жаһандық еңбек нарығының өзгеруі бар. Бұл ретте, Астана экономикалық форумы ая­сында біз азаматтық қоғамның келе­шегіне көз салуды жөн санадық.

Жаңа азаматтық позитивтік белсенділік халық пен мемлекет өміріне қалай ықпал ететінін талқылау үшін беделді сарапшыларды шақырдық», деді Д.Кәлетаев. Сонымен қатар, министр тұрғындардың ой-санасына әлеуметтік желілердің тигізетін әсері туралы, оның ішінде аза­мат­тық қоғамның дәстүрлі институт­тары халықтың пікірін білдіру үшін жаңа желілік институтармен бәсекеге түсетініне тоқталды. Оның айтуынша, әлеуметтік желілер мен интернет біз үшін азаматтық белсенділіктің виртуалды түрін ашты, виртуалды белсенділік арқылы әрбір адам мемлекеттік бас­тамаларды, қоғамдық мәселелерді талқылауға қатыса алады және оларды шешу үшін сындарлы ұсыныстарын жасайды. Министр азаматтық қоғам жаңа трансформацияның қозғаушы күші болуы қажет екендігін атап өтті. Бұл үшін білім алуды, жаңа дағдылар мен білікті дамытуға, қарым-қатынас мәдениетін және коммуникацияны жетілдіру қажет.

Шара барысында үкіметтік емес ұйымдардың, әлеуметтік кәсіпкерліктің және азаматтық белсенділіктің заманауи даму трендтері туралы танымал сарапшылар сөз сөйледі. Мәселен, «Hertie» мемлекеттік басқару жоғары мектебінің президенті, әлеуметтанушы Хельмут Анхейер азаматтық қоғамды ғаламдық процестерге, халықаралық және ұлттық деңгейдегі ашық диалог форматына тарту қажеттігін айтты. Германия әлеуметтану ғылымдарының профессоры мемлекет пен азаматтық қоғам институттары арасындағы өзара сенімнің маңыздылығын атап өтті. «Көптеген елдерде Үкімет азаматтық қоғамды оппозиция немесе қоғамға қарсы ықпал ететін ұйым ретінде көреді.

Бірақ меніңше олар өздерінің қоғамдағы рөлін түсіне отырып тиімді ықпалдаса алады», деді Х.Анхайер. Неміс сарап­шысының айтуынша, азаматтық қоғам­ның болашақтағы дамуын болжау қиынға соғады. Біріккен Ұлттар Ұйымы азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл саласына соңғы рет 15-20 жыл бұрын шолу жасаған. Сондықтан халықаралық деңгейде ҮЕҰ-лердің дамуына бақылау жүргізу қажет. «Бүгінде біз әлемде болып жатқан түрлі геосаясаттың ықпалын бақылау үстіндеміз. Атап айтқанда, Қытай экономикасының өсуі, Таяу Шығыстағы тұрақсыздық жағдайы, көші-қон дағдарысы, жаһандық жылыну, климаттың өзгеруі орын алуда. Сондықтан қазір азаматтық қоғамды ғаламдық процестерге, халықаралық және ұлттық деңгейдегі ашық диалог форматына тарту қажет», деді Х.Анхейер. Айта кетейік, Х.Анхайер азаматтық қоғам саласындағы жетекші сарапшылардың бірі, әлемнің бірқатар танымал журналдарында 450-ден астам ғылыми мақаласы жарияланған. Оның кітаптары саясаттану және әлеумет­тану ғылымдары саласында үздік деп танылған.

Жұмыстың 40-50 пайызын роботтар атқарады

Елбасы атап көрсеткендей, бүгінде адамдардың ұзақ өмір сүруі, халық санының қарқынды көбеюі әлемдік экономиканың маңызды факторына айналып отыр. Бұл ретте адамдардың қартаюына байланысты зейнетақы жүйесін, әлеуметтік қамсыздандыру жүйе­лерін түбегейлі қайта құру қажеттігі туын­дап отыр. Яғни жаһандық еңбек нарығының өзгеруі әлемдік өзгерістерге ықпал еткен бес негізгі үрдістің біріне айналды. Бұл ретте 100 жылдан кейін адамдар немен айналысады, жасанды интеллект пен роботтар өмірдің барлық саласына қашан толықтай енеді, деген сауалдардың туындауы заңды. Ал форум қатысушылары осы сауалдарға барынша жауап іздеп көрді.

«Сананы жүктеу және жасанды зерде. Жаңа респектеушінің этикалық және саяси аспектілері» атты панельдік пікірталаста әлем ғалымдары өз ойларын ортаға салып, келешекте жұмыстың 40-50 пайызын роботтар атқаратынын болжап отырғандығын тілге тиек етті. Сондай-ақ жаңа қызмет түрлері де пайда болуы ықтимал. Бұл ретте жасанды зерде, цифрлы технология, ғалам­тор тұрмысты жеңілдеткенімен, сын-қатер­лер әкелуі де мүмкін екен. Ұлы­британия үкіметінің технологиялар бойын­ша кеңесшісі Лиам Максвелл Қазақ­стан қалаларындағы цифрландыру барысы туралы пікір білдіріп, елдегі цифрландырудың келешегі зор еке­нін, себебі оған жетекшілік етуде өте дұрыс тәсілдер жасалып отырғанын айт­ты. Бұл ретте, қалалардағы цифр­лы инфрақұрылымды жүзеге асыру үшін мықты мамандар даярлау керек. Сон­дай-ақ ақпараттық қауіпсіздік пен кадрлық саясат жұмыстары да өзекті. Цифрландыруды толық жүзеге асыру арқылы мемлекетке пайда әкелуге болады. Алдымен цифрлы үкімет қаражат­ты үнемдейді және шын мәнінде халық үшін жұмыс істейтін үкіметке айналады.

Цифрлы экономика үнемі жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді. Ұлыбританияда орташа жалақы жылына 25 000-27 000 фунт стерлинг болса, цифрлы экономикада – 41 000 фунт. Осылайша, цифрлы экономи­ка­да жұ­мыс істеу арқылы көбірек қаражат табу­ға болады екен. Қазіргі таңда Ұлы­­бри­тания экономикасының 15 пайы­зын цифрлы экономика құрайды. Оның өсу қарқыны экономиканың өзге бөліктерімен салыстырғанда екі есеге жоғары болып отыр. Оңтүстік Корея, тіпті жер аумағы кішкентай Эстония мен Жаңа Зеландияда ауқымды өзгерістер болып жатыр, онда технологияларды жылдам әрі тиімді пайдалану жолға қойылған.

Астана экономикалық форумында Мемлекет басшысы адам қызметінің барлық аспектілерін, соның ішінде экономиканы цифрландыру экономикалық интеграцияға сеп болатынын айтқан болатын. Бұл ретте Еуразиялық эконо­ми­калық одаққа қатысушы елдер экономиканы цифрландыру процесіне қаншалықты тез қосылса, еуразиялық интеграцияның тиімділігі соған байланысты болмақ деп есептейді Еуразиялық даму банкінің бас маманы Ярослав Лисоволик. Цифрлы экономиканы дамытудың цифрландыру процесі мен басымдықтары еуразиялық өңірдің жекелеген мемлекеттерінің контексінде ғана емес, бүкіл одақ шеңберінде жүрмек. Бірыңғай цифрлы платформаны құру үшін ортақ процестерді дамы­ту тұрғысында ауқымды күн тәр­тібі ұсынылып отыр. Цифрлы экономи­ка ЕАЭО елдері үшін жоғары техно­логиялық деңгейде интеграциялық процестердің қозғалтқыштарының бірі болмақ. Астана қаржы интеграциясының алаңы ретінде экономикалық интеграция үшін аса маңызды.

Форум қатысушысы, Medme компаниясының басқарушы серіктесі Илья Слуцкийдің айтуынша, цифрландыру – еңбек өнімділігін арттырып, аз уақыттың ішінде мол табыс табу­ға бағытталған жүйе. Ал адамдар жұ­мыссыз қалады деу – жаңсақ пікір. Тек жұмыспен қамту құрылымы өзгереді. Бола­шақта әлемде көп қызметті машина­лар атқаратын болады. Ал адамдар оны басқарумен шектеледі. Ал бір жағынан роботтардың көбейіп кетуі қорқуға тұрарлық құбылыс. Себебі адам атқаратын жұмыстардың көпшілігі келешекте роботтарға тапсырылады. Сол себепті Мемлекет басшысының айтуын­ша, қазақстандықтар өз өмірінде бірнеше мамандықты меңгеруге дайын болуы тиіс. Ал Ұлыбритания үкіметінің технология мәселелері бойынша кеңес­шісі Лиам Максвелл, цифрландыру жүзеге асқан елде киберқауіпсіздік мәсе­лесінің маңызды екенін ескертеді. Оның пікірі бойынша Ұлыбритания қазіргі таңда технологияға тәуелді мемлекетке айналып, экономиканың жартысы – цифрлы жүйеге көшкен. Сондықтан аталған елде киберқауіпсіздік бойынша ұлттық орталық құрылған. Бұл орта­лықтың негізгі функциясы – эконом­и­ка­ның барлық саласын реттеуде. Бұ­ған қоса, Ұлыбританияда цифрландыру саласының жарғысында цифрлы ком­па­ния­лардың жұмысына баса мән берілген.

Жалған ақпаратқа жол берілмейді

Global Challenges Summit-2018 фору­мында Президент Нұрсұлтан Назарбаев жалған ақпараттың әлемге қауіп төндіріп тұрғаны айқын екенін баса айтқан болатын. Бұл мәселеде АҚШ секілді алпауыт елдерде жалған ақпараттармен күрес қалай жүргізіліп жатыр? Бұл жайында «Фейк-ньюс, фактчекинг және постақиқат дәуірінің басқа да болжалмаған салалары: болашақ журналистика қандай болуы керек?» панельдік пікірталас орталығында Флоридадағы «Tampa Bay Times» басылымының фактчекингті «Politifact» жобасының штаттағы жазушысы Джон Гринберг әңгімелеп берді. Оның айтуынша, саясаткерлер өз басқаруындағы мемлекеттің 20 жылдан кейінгі бейнесі туралы мәлімдеме жасаса, ондағы алынған мәліметтердің шынайылығын зерттеп, айқындалмаған тұстарын қамтымау керектігін айтты. «Politifact» сайтының мамандары талдау жүргізіп, мәлімдемелерді «анық», «анық емес» және «мүлде қате» деген санаттарға бөліп, баға береді. Осылайша, ақпараттық ағынды тазартып, анық емес мәлімдемелерді анықтау мүмкін болмақ.

Болашақта халық қалаға шоғырланады

Елбасы атаған келесі мегатренд – урбанизация. БҰҰ-ның мәліметіне сүйенсек, 2050 жылға қарай әлемде қала тұрғындарының саны 7 млрд-қа дейін жетеді. Бұл дегеніміз, қазіргі уақытта 1 млн тұрғыны бар Астана, Алматы, Шым­кент қалаларындағы адам саны алдағы 30 жылда 20 млн-ға жетеді деген сөз.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Еуразия бөлімінің жетек­шісі Уильям Томпсонның пікірі бойын­ша, алдағы 75-80 жылдың ішінде адамзат осыған дейінгі 4 мың жылдық­та болмаған урбанизация үдерісіне куә болады. Адамдар белсенді түрде қалаға көше бастайды. Осы уақытқа дейін әлемде 3,5 млрд адам қалада тұратын болса, ал ғасыр соңында тағы осыншама халық шаһарларға қоныс аудармақ. Сондықтан жаңа қалалардың құрылысында осы жағдайды ескеру керек. Өкінішке қарай, қазір әлем­нің көптеген елі мұны қаперге алмай, қателікке жол беріп отыр. Әлемде тек қала тұрғындары ғана емес, жалпы халық саны көбейеді. Форум қатысушысы Қытай халықтық достық қоғамының бас директоры Ли Синьюйдің өз баян­дамасында 2050 жылға қарай ауылдар мүлдем жойылуы мүмкін екенін айтты. Бұған мысал, бүгінде қытай елі үлкен мегаполистерден бөлек, шағын қалашықтар салуға көшкен.

Адам санының көптігіне байланысты қалаларда бір қабатты үйлер жойылып, зәулім тұрғын үйлер көптеп салынбақ. Бұл ретте ақылды қалалар жүйесі дамып, су, жел, күн энергиясын дамыту қарқын алады. Тіпті, зейнеткерлердің жағдайын жақсарту үшін қажетті технологиялармен қамтылған қалашықтар, ал жастарға түнгі клубтар мен сауда орталықтары көп аудандар салынуы бек мүмкін. Ли Куан Ю атындағы Сингапур мемлекеттік басқару мектебінің қызметкері Параг Ханнаның пікіріне сүйенсек, болашақта кәсіпкерлер есебінен тек жұмыс істеуге арналған аймақтар құрылып, онда түрлі жұмыс салалары бөлек орналастырылады. Бұл өз кезегінде экономикалық тұрғыдан тиімді болады.

Жаһандық маңызға ие 5 мегатренд

Астана экономикалық форумында Қазақстан Президенті адамзат баласының келешегі үшін өте өзекті мәселелерді ортаға салды. Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азияны зерттеу институты қызметкері, қытайлық сарапшы Чжао Хуэйжуннің айтуынша, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев стратегиялық аса маңызды салаларда әлем елдерінің өзара әрекет етуі мен байланыс орнатуы бойынша оң ұсыныстар жасап, Қазақстан Президенті АЭФ өте өзекті мәселелерді көтергенін айтты. Оның ішінде азық-түлік пен су жетіспеушілігі, киберқауіпсіздік сияқты маңызды салаларда ұтымды ұсыныстар айтылды. Нұрсұлтан Назарбаев – ғалам­дық ой өрісі терең саясаткер. Атал­ған мәселелерден Қазақстанның ғаламдық түйткілдерге бейжай қарамайтынын, халық­аралық қарым-қатынаста өзара ынты­мақтастықты нығайту жөніндегі көре­ген­дігін байқайтынын да айтты, деді шетелдік сарапшы.

БҰҰ Даму бағдарламасының бас стратегиялық кеңесшісі Бен Слэй де Қазақстан Президентінің Астана экономикалық форумының жалпы отырысында жария еткен 5 мегатрендіне қатысты ойын білдіріп, айтылған мегатренд Қазақстан, АҚШ, Қытай, Ресей үшін аса маңызды екенін жеткізді. Онда үкіметтің де, бизнестің де алдында тұр­ған міндеттер қамтылғанын, ең бас­тысы, мұнай мен газ өндіруге ғана емес, сонымен бірге негізінен адами капиталға арқа сүйейтін экономикалық дамудың жаңа кезеңіне өтудің маңыздылығын назарға алды. Жердің астындағы емес, жер бетіндегі адамның мүмкіншіліктерін ескеру – бүкіл әлем экономикасының болашағы. Осы ретте Бен Слэй Қазақстан Президентінің 5 мегатрендінің ішінен жаһандық еңбек нарығына айрықша тоқталды. Ең бастысы – бұл білім мен оқу. Бұл тек жастар үшін ғана емес. Ағылшын тілінде «life long learning» деген түсінік бар. Тіпті орта жастан асқан адамдар да жаңа біліктілік алып, мамандығын өзгертіп, жаңа білімге ие бола алады. Меніңше, бұл Қазақстан үшін де, әлемнің барлық елдері үшін де болашақтағы бәсекеге қабілеттіліктің негізі. Бұл мегатрендтердің ішіндегі ең бастысы деп ойлаймын деді.

Форумды Стратегиялық сессия түйіндеді

Форумның үшінші күні өткен Стра­т­е­гиялық сессия жалпы жиынды қоры­тындылады. Дөңгелек үстел форма­тында өткен шарада Қазақстан Республика­сын дамытудың алты бағыты бойынша ақыл-ой талқылаулары өтті. Жетекші қазақстандық және халықаралық сарапшылар, бизнес және билік органдарының өкілдері серпінді жобаларды іске асыру және келесі басымдықтар бойын­ша шешімдерді табу: институттар мен экономикалық саясат, адам капиталын дамыту, цифрландыру және ақпараттық технологиялар, жаңа ақшалар және қаржы секторы, таза энергия және жасыл технологиялар, қалаларды дамыту мәселелерін талқылады. 

Сонымен «Институттар және экономи­калық саясат» ақыл-ой талқысы­ның бірінші бағыты бойынша сессия қатысушылары Қазақстанға арналған жаңа нарықтар мен технологиялық жаңғырту, жаһандық құбылмалылық жағдайларындағы макроэкономикалық тұрақтылық, жаһандық экономикалық сын-тегеуріндер жағдайындағы құры­лымдық реформалар, теңсіздік деңгейін төмендету құралдары және инвестицияларды ынталандыру мәселелерін талқылады.

«Ракурс» экономикалық талдау орталығының директоры Ораз Жан­досов шара модераторы болды. Сарап­шылар қатарында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, АДБ-нің Қазақстандағы тұрақты өкілдігінің директоры Джованни Капанелли, World Bank даму экономикасы жөніндегі аға директоры Шантаянан Девараджан, БҰҰ ДБ Еуропа мен ТМД елдеріне арналған аймақтық бюросының аға кеңесшісі Бен Слей, Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катсу және т.б. бар. Ал адам капиталын дамыту туралы екінші бағыт бойынша ХХІ ғасырда Қазақстандағы білім беру процесі қандай болуы керек, web 2.0, толықтырылған шынайылық, оқыту үдерісіндегі заттар интернеті секілді жаңа технологияларды енгізуге қатысты мәселелер талқыланды.

Шығармашылық индустрияларды дамыту және шығар­ма­шылық белсенділікті ынталандыру, сондай-ақ елімізге адам капиталын тарту құралдары туралы сарапшылардың ұсыныстары қаралды. Бұл бағыт бо­йынша Medмe венчурлық қорының серіктесі Илья Слуцкий модератор болды. Сарапшылар арасында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова, Lifespan.io краудфандинг платформасы және Өмірді ұзартуға жәрдемдесу қоры директорлар кеңесінің мүшесі Елена Милова, «Сколково» Мәскеу басқару мектебінің тәжірибе профессоры, Стратегиялық бастамалар агенттігінің сараптама кеңесінің мүшесі Павел Лукша және т.б. болды.

Цифрландыру және ақпараттық технологиялар бағыты бойынша цифрлық мемлекеттік басқарудың тәжірибесі мен сын-тегеуріндері, жалпыға бірдей цифрландыру кезеңіндегі мемлекеттік басқарудың табысты тәжірибелері мен басты стратегиялары негізінде Қазақ­станның басымдықтарын айқын­­дау мәселелері талқыланды. Компа­ниялар мен бизнестерді цифрландыру, АТ жобаларды әзірлеудің жеке кластерін дамыту және Қазақстанға озық технологиялардың енгізілуін ынталандыру жөніндегі шешімдер ұсынылды. Аталған бағыттың модераторы GVA Kazakhstan серіктесі Филипп Сера­жетдинов болды. Мұнда Лондон Корольдік колледжінің ғылы­ми қызметкері, дағдарыс жағдай­ларын­дағы әлеуметтік медиа рөлін зерт­теуші Григорий Асмолов, Ресей Федера­циясы ОБ төр­ағасының бұрынғы орын­басары Михаил Сенаторов, Ресей Феде­ра­циясындағы және Еуразиядағы Канада іскерлік қауымдастығының төрағасы Жиль Бретон, «BCG Казахстан» серіктесі және басқарушы директоры Сергей Пера­печка және т.б. пікір білдірді.

Жаңа ақшалар мен қаржы секторы бағыты бойынша сарапшылар алдыңғы қатарлы реттеуші, бәсекеге қабілетті қаржы орталығын құру мәселелеріне назар аударды. Жаңа ақшалар технологияларын енгізу, Қазақстанда блокчейн арқылы қандай жобаларды іске асыруға болатыны және болашақ ақшаларының технологиясын пайдалану арқылы барынша көп пайданы қалай алуға болатыны туралы сұрақтар да қарастырылды. Мұнда Tomashevskaya & Partners басқарушы серіктесі Жанна Томашевская модератор қызметін атқарды. Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков, Earthport – трансшекаралық төлем жүйелері компаниясының атқарушы директоры Харольд Бозе, FinTechStage негізін қалаушы Матэо Рицци және т.б. өз ұсыныстарымен бөлісті.

Сессия бағдарламасының «Таза энергия және жасыл технологиялар» атты өзекті бесінші бағытын талқылау барысында мазмұнды әрі сындарлы пікір алмастырылды.

Форум қатысушылары болашақтың әртүрлі технологияларының қарқынды дамып жатқан кезеңінде табиғи байлық­тарды сақтау және балама энергия көздерін пайдалану тұрғысынан эко­номика салаларын жаңғырту өте ма­ңызды екенін атап өтті.

Қазақстанда «жасыл» экономиканың өсуі үшін қандай институционалдық, қаржы­лық және технологиялық кедер­гілер бар, бизнесті энергиялық тиімді шешімдер мен инновацияларға инвес­тиция салуға қалай ынталандыру керек деген сұрақтар көтерілді. Сондай-ақ Қазақстанның ОЭК-нің бәсекеге қабі­леттілігін арттыру, инвестициялар тарту, ОЭК цифрландыру, өңдеу терең­дігін арттыру жолдары қаралды.

«Жасыл» экономика, әлемдік тәжі­ри­бені ескере отырып, оны енгізу­дің кедер­гілері мен ынталандыру мәселе­лері жөнінде өз баяндамаларында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Қашқар ғылыми орталығының директоры, Қытай ғылым академиясының Қашықтықтан барлау және цифрлық Жер институтының директоры Фу Бихон, Beijing Piesat Information Technology вице-президенті Гуо Тао және т.б. айтып өтті. «Спутник» БК жобалар басшысы Вадим Долганов модератор болды.

Сессияның «Қалаларды дамыту» атты алтыншы бағыты бойынша сарапшылар 2050 жылға қарай қалалар қандай болатынын, ХХІ ғасырдағы мегаполистер және Қазақстандағы заманауи мегаполистің қандай болуы керектігін болжап көруге тырысты.

Сондай-ақ Қазақстан мегаполис­теріне арналған мегажобалар, олардың көлік жүйесін, экологиясын дамыту, қалалық орта мен өмір сүру сапасын жақсарту мәселелерін Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова, World Future Council тең негізін салушы, бұрынғы бағдарлама директоры және құрметті мүшесі Херберт Жирардэ, Atomik Architecture негізін салушы және директоры Майк Оудс және т.б. талқылады. GVA Kazakhstan бас­қарушы серіктесі Булат Столяров модератор болды.

Мәселелерді қарастыру қорытын­­дылары бойынша жұмыс топтары­ның модераторлары ақыл-ой талқы­лау­лары нәтижелерінің презентация­сы­мен таныс­тырды. Сарапшылар ұсы­ныс­тарының топтамасы «Қазақстан Рес­пуб­ликасын дамытудың ең қажетті шешім­дері мен жобалары» ретінде белгі­ленді. Барлық сараптамалық ұсы­ныс­тар жинақталып, Қазақстанның ұлт­тық күн тәртібіне сәйкестендірі­леді. Өткі­зілген ақыл-ой талқылаулары Қазақ­станның одан әрі дамуына пай­да әкелетін тәсілдер мен ұсыныстарды табуға мүмкіндік береді және әлемдік қоғамдастық оларды жаһандық сын-тегеуріндерге негізделген шешімдер ретінде қабылдайды.

Ганс ТИММЕР,

Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия аймағы бойынша бас экономисі:

– Мен бұл форумнан үлкен әсер алдым. Астана экономикалық форумы әлемнің түкпір-түкпірінен келген сарапшыларға өз тәжірибелерімен бөлісіп, пікір алмасуға мүмкіндік туғызды. Жаһандық мәселелерді талқылауға жағдай жасап, халықаралық пікірталас алаңына айналған Астана экономикалық форумының жаһандық дамуға тигізер пайдасы зор. Әсіресе маған цифрлы экономика төңірегінде қозғалған тақырыптар өте қызықты әрі пайдалы болды деп айта аламын.

Еуро бағасының түсуіне байланысты 2014 жылдан кейін екі жылға жуық Қазақстан экономи­касында қиындықтар болды. Алайда бұл өз кезегін­де көптеген реформаларды қайта жаң­ғыртып, экономиканы нығайту үшін септігін тигізді. Мұның барлығы Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін көрсетті.

Сондай-ақ әлемдегі тұрақсыздық жағдайға қарамастан бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін Қазақ­стан макроэкономикалық саясатының тұ­рақ­тылығын нығайту және құрылымдық рефор­маны жүзеге асыруды жалғастыруы қажет. «Нұрлы жол» бағдарламасы инвестициялардың географиялық бағытталуына жағдай жасайды. Ал бұл өз кезегінде кедейлік деңгейінің қысқарып, ел экономикасын дамытуға айтарлықтай септігін тигізеді деп ойлаймын.

Стефка СЛАВОВА,

Дүниежүзілік банктің Орталық Азия Өңірлік бөлімшесінің сауда және жаһандық бәсекеге қабілеттілік мәселелері бойынша жетекші экономисі:

– Мен Қазақстанды осындай әлемдік маңызы бар форум өткізуімен құттықтаймын. Белді саясаткерлер мен халықаралық корпорациялардың, орталық банктердің, қаржы институттарының, экономиканың беделді сарапшыларының Астана­да жиналып, жаһандық мәселелерді талқылауы бұл форумның дәрежесін халықаралық сипатқа шығарды деп ойлаймын. Бұл форум жаңа идея­лар мен пікірталастар тудырып, әлемдегі көп­теген мәселелерді талқылауға мүмкіндік беріп отыр. Астана экономикалық форумы бүкіләлемдік экономикалық Davos форумы сияқты үлкен маңызға ие деп айта аламын. Сонымен қатар форум тек пікір мен идея алмасудан басқа, Қазақстанға инвестициялар тартуға қабілетті.

Сондай-ақ дүниежүзілік банктің сауда, жаһандық бәсекеге қабілеттілік мәселелері де форумда сөз болды. Дүниежүзілік банк Қазақ­стан тәуелсіздік алғалы осы елде қызмет атқарып келеді. Қазақстан – экономикалық стратегия­сын дұрыс таңдаған ел. Елде қолға алынған жұмыстардың бәрі рет-ретімен нақты жолға қойылған. Банк те осы алға қойған мақсаттарына қол жет­кізу­ге, экономикалық жағдайды көтеру үшін әртүр­лі бағдарламаларды жүзеге асыруға көмектесіп келеді.

Барбара РАМБУСЕК,

ЕҚДБ гендерлік және экономикалық инклюзия жөніндегі директоры:

– Астана экономика­­лық форумы жаһандық қатер­лерді бірлесе еңсеру үшін біріге түсуге, тәжірибе­лер алмасуға, сондай-ақ жаһандық проблемаларды тиімді еңсеруге байланысты нақты шешім қабыл­дауға көмектеседі деп ойлаймын. Сонымен қатар мен осы форумда гендерлік теңдік мәселелері де назардан тыс қалмағанына өте қуаныштымын. Өйткені бүгінгі таңда әлемнің қарқынды өзгеріп жатқанына қарамастан, гендер және гендерлік теңдік мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Міне, Астана форумы осы мәселелерге әлемнің назарын аудартып, оларды осы жайттарды ұтымды шешуге шақырды.

Жалпы, Қазақстанда көптеген елдерге қара­ғанда әйелдер теңдігі, олардың құқығы жақсы деңгейде қорғалған деп айта аламын. Тіпті, әлем­дегі ең үздік мемлекеттер қатарына кіреді десем, артық емес. Өйткені нәзік жандылардың білім алуға құқығы, оларға жұмыс істеуге мүмкіндігі көп жағ­дайда жақсы қамтылған. Әйелдердің түрлі лауазымды қызметтер атқарып отырғанына да көзімізді жеткізе түстік. 

Алайда кемшіліктер де жоқ емес. Қазір Қазақстанда осы мәселелердің оң­тайлы шешімін табу үшін көптеген жобалар қолға алынған. Бұл жобалар әйелдерге өз биз­нес­терін ашып, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамытуға мүмкіндік береді.

Крис ЙОХАНСЕН, кәсіпкер, (Норвегия)

– Бұл – менің Астанаға алғаш рет келуім. Форум көптеген көкейкесті мәсе­лелерді қарастырды. Осы басқосу арқылы өзім тілдесіп, пікір алмасқым келе­­тін спикерлермен, оның ішінде Стив Вознякпен кез­десуге мүмкіндік алдым. Мен келесі жылы да келсем деп ойлаймын.

 Форум әлемдегі болып жатқан әртүрлі түйткіл­ді мәселелер тек бір ұлтқа ғана тән емес, барлық адамзатқа қатысты екенін тағы да бір түсіндірді. Сондықтан әлемдегі сарапшылар, халықаралық деңгейдегі саясаткерлер мен экономика саласының білгір-ғалымдары осы мәселелерді бірге талқылап, болашақ үшін тиімді шешім шығару үшін осындай халықаралық пікірталас алаңының жаһандық дамуға тигізер пайдасы зор.

Нир ЛЕМПЕРТ, MER Group компаниясының директоры:

Осындай қысқа аралықта адам таңданарлық әдемі қала салу өте таңғаларлық жағдай екенін де атап көрсетсем деймін. Ал Астана экономикалық форумы әлемдегі өте қызықты әрі ауқымды форум­дар­дың бірі деп ойлаймын. Көптеген сарапшыға жаһан­дық проблемаларды ашық талқылауға мүмкін­діктің берілуі әлем үшін өте пайдалы екені анық.

Әрине бір форум арқылы әлемдегі барлық қиындықтар мен проблемаларды шешу мүмкін емес. Алайда спикерлер мен ғалымдардың жаһандық көкейкесті мәселелерді орынды көтеріп, оны талқылауы оларды шешу жолында үлкен маңызға ие екені анық.

Динара БІТІК,

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»